

Нағашыбай Ердәулетұлы 1931 жылы 21 сәуірде Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді маман, 1950–1954 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1954 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы №1 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін ұзақ жылдар Мартөк ауданындағы мектепте қызмет атқарды. 1995–2006 жылдары Ақтөбе қаласындағы №21 қазақ орта мектебінде тәлімгер ұстаз әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, бірнеше буын ұрпаққа білім мен тәрбие берді.
Ардагер ұстаздың өнегелі өмірі – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол мыңдаған шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жағып, ұстаздықтың биік үлгісін көрсетті. Оның педагогикалық тәжірибесі республика мұғалімдеріне кеңінен таратылып, көптеген ғылыми-әдістемелік мақалалары «Қазақстан мектебі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдарында жарық көрді. Абай мұрасын насихаттауда айрықша еңбек етіп, «Абай тағылымы» кітабын жазып, «Абайды оқы, ерінбе!» атты дәрістер жинағын шығарды.
Ердәулет Нағашыбай Ердәулетұлының білім беру саласына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, ол *«Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері»* төсбелгісімен, *Н.К. Крупская атындағы сыйлықпен* , *«Еңбек ардагері»* медалімен марапатталған. Сонымен қатар *«Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері»* құрметті атағына ие болып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен наградталған.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттеріне және барша жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Арты қайырлы болсын!
