Прокуратура органдары қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарды – мұндай көлемдегі қаражат осындай қысқа уақытта бұрын-соңды қайтарылған емес.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды іске асыру аясында олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаражат өндірілді, оның шамамен 850 млрд теңгесі мемлекет кірісіне түсті.Қайтарылған қаражат есебінен жалпы сомасы 375 млрд теңгеге 207 су құбыры нысанының, 177 медициналық мекеменің, 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды.
Олигополия субъектілерімен келісімдер жасалып, олар елге 5,2 трлн теңге инвестиция салу жөнінде міндеттемелер қабылдады.
Атап айтқанда, Алматы қаласында жаңа туристік кешен, басқа өңірлерде көлік-логистикалық орталықтар мен зауыттар салынады.Мысалы, 3 000-нан астам жұмыс орны құрылатын тау-кен байыту комбинаты салынады. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, ресурстарды өңдеу деңгейін арттырады, елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, салық түсімдерін көбейтеді.

